Skip to content

Маңғыстау облысының білім басқармасы

Құрметті мектеп бітіруші түлектер! Қадірлі ұстаздар мен ата-аналар!

Сіздерді 2024–2025 оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – ерекше белес, жүректерге толқу мен қуаныш сыйлайтын сәт. Әсіресе түлектер үшін — балалық шақпен қоштасып, жаңа өмірге қадам басар маңызды кезең. Ал ұстаздар мен ата-аналар үшін – еңбектің, үміттің жемісін көретін қуанышты шақ.

Ұлы Абай: «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» – деп, әр адамға үздіксіз ізденуді, білімге ұмтылуды өсиет еткен. Білім – адам баласының ең асыл қазынасы, ал сол білімге жол сілтеуші – Ұстаз. Бүгін шәкіртін өмір жолына шығарып салып тұрған әрбір мұғалім – ұлт болашағына шырақ жаққан тұлға.

Ағымдағы оқу жылында облысымыздағы 207 жалпы білім беретін мектепті 190 218 оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 11-сыныпты – 9 750 (9 сыныпты – 15 800) түлек тәмамдайды.

Биыл «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 250 оқушыға жетті.

Құрметті ата-аналар!
Бүгін – сіздер үшін де толғанысты әрі мақтанышқа толы күн. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген балапандарыңыз енді үлкен өмірге қадам басып, өз жолын таңдауға бет алды. Олар елдің үмітін ақтайтын, болашағымызды нұрландыратын азаматтар болып өссін!

Құрметті түлектер!
Алда – үлкен сынақтар мен маңызды шешімдер кезеңі. 11 жыл бойы алған білімдеріңіздің қорытындысы болатын мемлекеттік емтихандар мен Ұлттық бірыңғай тестілеу сіздерге жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады. Осы сынақтардан сүрінбей өтіп, армандарыңызға жететіндеріңізге сенемін!

Келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз баянды болсын!

Бастап жатқан сапарларыңызға АҚ ЖОЛ тілеймін!

Құрметпен, Амантай Кумбаев, Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы.